Воскресенье, 29.09.2024, 10:31
Приветствую Вас Гость | RSS

сайтқа хош келдіңіздер!

Сайт мәзірі
  • сайт жайлы мәлімет
    • технология
      • сын тұрғысынан ойлау технологиясы
      • ақпараттық-коммуникативті технология
      • дамыта оқыту технологиясы
    • ата-аналармен жұмыс
      • қазақ отбасындағы қарым-қатынас психологиясы
      • мектеп пен отбасы арасындағы байланыс
      • ұлттық мәдени құндылықтар
    • тәрбие жұмысы
      • тәрбие әдістері
      • жеке тұлғаның адамгершілік мәдениетін қалыптастыру
      • қазіргі отбасыдағы тәрбиенің дамуы
  • блог
    • Сын тұрғысынан ойлау технологиясы жайлы пікіріңіз?
    • Қазіргі білім берудегі өзгерістер туралы
    • 12 жылдық білім беру жайлы ойыңыз
    • олимпиада
      • математика
      • дүниетану
      • қазақ тілі
    • ғылыми жұмыс
      • тілтану секциясы
      • қоршаған орта
    • тест жинақтары
      • 1-сынып
      • 2-сынып
      • 3-сынып
      • 4-сынып
әуендер
опрос
,$

Каталог статей

Главная » Статьи » Технология » Дамыта оқыту технологиясы

Бастауыш сыныптарда зерттеу - ізденушілік жұмыстарын ұйымдастыру
          ХХІ ғасырда әлемдік өркениет жаңа даму сатысына көтерілді. Оның айғағы интеллектуалды мектептер болып табылады. Бұл мектептердегі негізгі талаптардың бірі- үш тілді еркін меңгерген білімді, әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын шығармашыл, таныммен тікелей қатынас жасайтын жаңашыл, тәуелсіз ойлайтын ізденімпаз тұлға қалыптастыру. Қоғамның әлеуметтік даму деңгейі сол қоғамдағы жеке адамның шығармашылық мүмкіншілігіне байланысты емес пе?! Қазіргі заман талабына сай білім берудің шығармашылық жолдарын айқындау барысында адамның шығармашылыққа деген жанданысы оның өз жекелігін, өз қабілетін іске асыруға деген жолын ашады. Кез келген әрекет шығармашылықты туғызып, оны нақты болмысқа айналдырса, ал шығармашылық әрекетті реттейді,оның амалдарын, тиімділігін анықтайды. Шығармашылық әрекет арқылы қабілет қалыптасады, әр қарай дамиды. Зерттеу-ізденушілік қабілет әр баланың бойында болады. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады. Егер әр оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету қажет болса, онда баланың қабілетін түрлі әрекетте көрсету үшін зерттеуге дайындау қажет. Зерттеу-дарынды балаларды оқытудың негізі. Онсыз баланың потенциалын ашу, оны әрі қарай дамыту мүмкін емес. « Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын ол одан әрі жақсы оқи түседі» деген екен Питер Клайн. Ұстаз бен ата-анаға да керегі сол емес пе? оқушы ұстаз көңіл-күй қарым-қатынас еңбек ата-ана Оқушы, ұстаз, ата-ана - үштік одақ бірлесе отырып жұмыс істеу арқылы ата-ана бұл зерттеу жұмысының баласына пайдасы бар екенін түсініп, өзі де көмек көрсете отырып, өзінің мектеппен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттілігін сезінеді. Зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушыда танымдық қабілет, тіршіліктің қыр-сырын меңгеруге талпыныс, білуге деген құштарлық туындайды. Зерттеу жұмысы негізінде «үштік одақтың» арасында жағымды көңіл-күй, тығыз қарым-қатынас, аянбай еңбек ету, сол еңбектің нәтижесін көруге ұмтылу әрекеттері орныға түседі. Сабақ барысында да тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың зерттеу-ізденушілік әрекеттерін ұйымдастыруға небір жұмыстар жүргізуге болады.
            Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты мектебімізде «Зияткер» оқушылардың ғылыми қоғамы құрылды. Оқушылардың ғылыми қоғамы өзінің интеллектісін дамытуға, ғылыми-зерттеу әрекет дағдыларын игеруге, өзінің белгілі бір ғылым саласындағы білімін жетілдіруге талпынған оқушы жастардың еркімен құрылған шығармашылық бірлестігі болып табылады. Оқушылардың ғылыми қоғамының қызметі Қазақстан Республикасы заң актілерімен, «Қазақстан Республикасы Білім туралы»заңымен, нормативті- құқықтық актілерімен сәйкес жүзеге асырылады. Оқушылардың ғылыми қоғамы секциялар бойынша жұмыс істейді. Әр секцияға 12-15 оқушы қатысады. Оқу жылының жұмыс жоспары оқушылармен бірлесе отырып құрылып, әр түрлі формада (дөңгелек үстел, практикалық сабақтар, кездесулер, эксперимент, шығармашылық сабақтар т.б. ) өткізіледі.
    Секциялардың мақсаты:
1. Оқушыларда ғылыми ізденушілікке деген қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін ашу, дамыту;
 2. Қоршаған ортаны танып білуге деген құштарлығын арттыру;
3. Өмірлік, азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және жоғары адамгершілік сапалары мен рухани құндылықтарының дамуына ықпал ету;     
          Жыл сайынғы жұмыстың қорытындысы оқушылардың ғылыми – практикалық конференциясымен ұштасады. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағалау критерийлері:
· шығармашылық қабілеті
· ғылыми ойлауы
· зерттеу дағдыларын қолдану әдістерінің тиімділігі
· тақырыптың ашылу деңгейі
 · сөйлеу шеберлігі
 · жаңалығы
· көрнекілігі
               Бастауыш сыныптан бастап ізденушілікке баулыса, бала кішкентай кезінен өздігінен ой түйіп, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренеді, оны зерттеу негіздері, логика сабақтарындағы оқушылардың белсенділігінен байқауға болады. Оқушыларды зерттеу-ізденушілік жұмыстарға баулуды 2006 жылдан бері жүргізіп келемін. Әр оқушының жан дүниесіне үңіліп, қызығушылығын байқап, онымен ақылдаса келіп, қызықты да өзекті тақырыптар таңдауға тырысамыз. Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігін ескере отырып, секцияның жұмыс жоспарын қызықты да тартымды етіп құруды көздедім. Секцияның мүшесі Кеңесова Динаға, Ануарбеков Естайға есімдері туралы ізденуге ұсыныс тастадым. Содан бір жылға тақау уақыт ішінде зерттеу жүргізіп, Дина « Атымды мақтан тұтам Дина қойған» атты зерттеу жұмысын көпшілік алдында қорғап, атақты күйші-композитор Дина Нұрпейісова туралы небір тамаша мағлұматтарды анықтаса, Естай атақты әнші-композитор, ақын, домбырашы Естай Беркімбайұлы жайлы мол мәлімет жинады. Оқушылардың жинақтаған мағлұматтары ана тілі, музыка сабақтарына таптырмас деректер көзі екені белгілі. Мерекелік ертеңгілікте Естай атына лайық болуды көздеп, ән шырқап, көпшілік құрметіне бөленсе, Дина домбыра шертуге талпынып жүр. Қазір олар есімдеріне мақтаныш сезіммен қарайды. Дина, Естайлар үшін ұлттық мәдениетіміздің қайнар бұлағы саналатын Дина Нұрпейісованың, Естай Беркімбайұлының есімдері мәңгі сақталары сөзсіз. «Көшпенділер» кинофильмін көрген Төлеубеков Еділді қазақтың қару-жарақтары қызықтырды. Сондықтан ол әкесімен көп іздеп, талай шығармаларды ақтарып, «Ер қаруы – бес қару» атты зерттеу жұмысын ұсынды. Қар-жарақтар туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер жинақтап, батырлар жырынан небір үзінділерді нақышына келтіріп сайрағанда, оның бойынан патриоттық сезімнің, ел қорғайтын азаматтың нышаны байқалып тұрды. Қаруды қолданудың бес тәсіліне байланысты ( ату, шабу, түйреу, кесу, соғу) пайда болған ұғым екенін дәлелдеп, қарудың түрлерін салу арқылы өзін тамаша суретші екенін танытып, тағы бір қырынан көріне білді. «Жас буынның ұсақталып, өзімен-өзі болып тұйықталып бара жатуының бір себебі, күндіз-түні қолдан түспейтін ұялы телефонның кесірі» дейді секцияның белсенді мүшесі Самарбекұлы Данияр. Осы бір заттың пайдасынан гөрі зияны басым екенін дәлелдеген Данияр ұлттық дәстүрдің аяққа тапталып, қайдағы бір әуені сиықсыз музыкалар мен ойындардың қаптап кеткеніне қынжылады. Телефонның еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолданатынын бәрі біледі. Ендеше, музыкасында тамаша қазақтың әндері мен күйлері ойнап, ойындары ұлттық сана-сезімді оятатындай болуын қалайды. «Қалтада жүрген қауіп» деп аталатын зерттеу жұмысы өте жоғары бағаланып, Данияр «Жаңалыққа жаны құмар жас ғалым» атты номинацияны жеңіп алды. Секцияда топтық жұмыс түрлері де жақсы жолға қойылған. «Наурыз көженің адам ағзасына пайдасы» атты ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылып, секция мүшелері үш топ құрып, ақ дастархан басында сүт тағамдарын, жасыл дастархан төңірегінде дәнді дақылдар жөнінде, қызыл дастарханның мүшелері ет тағамдары жайында зерттеу жұмыстарын талқылады. Осы тағамдарды рет-ретімен салғанда кемпірқосақтың 7 түсі, спектрдің түсі пайда болды. Бұл дегеніміз, жер бетінде небір құбылыстар табиғат-анамен тығыз байланыста екенін білдіреді. Бұл конференцияға қатысып отырған көрермендердің баршасы соңынан наурыз көжені бар ықыластарымен ішіп, ұлттық құндылықтың қаншалықты маңызды екендігін, зерттеу жүргізу барысында қаншама құнды нәрселер туралы білетіндерін түсінді. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары үшін үш тілді меңгеру әрі қызық, әрі қиын болды. Түсіпханова Айдананың «Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі алфавиттің сыры » атты жұмысы «Зерде» VI республикалық балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының байқауында II дәрежелі диплом алып, мектебіміздің мерейін үстем етті. Айдана зерттеу жұмысындағы деректерін сабақ кезінде үнемі айтып, білгенін сыныптастарымен бөлісіп отырады. Оның сабаққа деген ынта-ықыласының арта түскенін байқадым. Мектебіміз жаратылыстану бағытында болғандықтан, 1-сынып оқушылары Сейілханова Ділназ «Бөлме өсімдіктерінің адам ағзасына әсері», Сапаргалиева Медина «Жүгерінің пайдасы» атты тақырыпта зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Өскелең ұрпағы бар Өскемен қаласында биыл интеллектуалды мектеп ашылғанда, оған қабылданған оқушылардың, әсіресе, 1-сынып оқушыларының қуанышында шек болмады. Бәрін білгісі, үйренгісі келетін бүлдіршіндердің нағыз зиялы азамат болып өсуіне әсер ететін жағдайлардың бірі сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы, ұлттық сана-сезімі деп білемін. Сол себепті, ата-аналармен ақылдаса келіп, сынып болып «Сөз әдебі» атты зерттеу жұмысын жүргізуді бастадық. Бұл игі іс сыныптың белсенді ата-анасы, ШҚМУ-нің аға оқытушысы Дүсіпбаева Қ.С. басшылығымен жүзеге асуда. Бастауышта негізін қалаған оқушылар әрі қарай ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға ұмтылу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуға бағыт-бағдар алады. Осындай секция жұмыстарының арқасында оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға болады. Жалпы алғанда, істелінген жұмыстар нәтижесі, оқушылардың шығармашылық дамуы алғаш секцияға келген кездегі диагностика көрсеткішінен біршама динамикалық өсудің болғанын аңғартады.
Категория: Дамыта оқыту технологиясы | Добавил: зергуль (09.02.2012)
Просмотров: 6176 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 2.0/3
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Календарь
әлеуметтік қалташа

Мусатаева Зергуль Женисовна © 2024
Бесплатный конструктор сайтов - uCoz